Қалдықтан әдемілікке
Қазіргі уақытта тұрмыс қалдықтарынан түрлі заттар жасау дәстүрге айналды деуге болады. Әдемі заттарды жасау: біріншіден – қалдықты кәдеге жаратып, қоқысты азайтуға септігін тигізсе, екіншіден – қиялыңызды дамытып, шығармашылығыңызды шыңдауға ерік береді. Ал, осы жұмысты балаңызбен бірге жасасаңыз, «Нұр үстіне- нұр» болар еді. Балалар кішкентай кезінен шығармашылыққа жақын болып өссе, үлкейгенде олардан үлкен үміт күтуге болады. Біз тұтынып тастайтын қалдық түрі көп-ақ. Солардың бірі – түйме. Бұрында үлкендер түймелерді жинап, жаңадан тігетін киімдеріне қадап жататын. Қазір еш қажетімізге жаратпаймыз. Ескі киімдерімізбен бірге қоқысқа кетеді, қиып алып қалмаймыз да. Түймелерден әдемі мозаикалар, құттықтау хаттарын, сыйлық кәделер әзірлеуге болады. Алдын ала салынған суретке түймелерді желіммен жапсыруға немесе жіппен тігу арқылы орналастыруға болады. Ол үшін түймелерді түсіне, үйлесімділігіне қарап таңдап алыңыз. Балаларды кіші жастан тұрмыс қалдықтарын кәдеге жаратуға үйреткен және қолөнерді шығармашылықпен жасауға баулыған дұрыс.


