01
март
2022
«Ата – аналар шеберлігі институты» жобасы аясында мектебіміздің 3 «А» сынып оқушысы Дәулетқызы Айзеренің анасы Конакбаева Айида Калидулаевна өзінің отбасындағы бала тәрбиесі жөніндегі ойымен бөлісті.
Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Тәрбие – күрделі үдеріс. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруміз қажет. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ. Ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіндегі ынтымақтастық пен бірлескен жұмысы жан-жақты болса жемісті болады.
Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін, отбасындағы ата-ана берген тәрбие мектепте жалғасын тауып, кішкентай бүлдіршін сапалы азамат болып қалыптасу үшін мектеп, мұғалім және ата – ана жауапты зор міндетті атқарады. Ең бастысы – бала ата-ананың оның оқудағы жетістіктеріне қызығушылығын сезінуі керек.
Адам азса, тәрбиенің жоқтығынан азады, қоғам азса адамдардың тәрбиесіздігінен азады. Балаға дұрыс тәрбие беру қоғамның болашақ дамуының кепілі. Сондықтан да баланың тәрбиесін мектепке тапсырып қоймай, ата-ана, бүкіл қоғам, ақпарат құралдары болып атсалысу қажет.