Бастауыш сыныптардағы эко-ертеңгіліктер
Бастауыш сынып оқушыларын білім алуға жетелейтін және алған білімдерін көңілді мерекемен ұштастыратын шара – ертеңгілік. Мектепке дейінгі білім ордаларында басталып, бастауыш сыныптарда жалғасын табатын осындай шараларға кіші саты оқушылары асқан белсенділікпен қатысады. Ертеңгіліктерді атаулы мерекелерде және белгілі бір тақырып аясында ұйымдастыруға болады. Сондай ертеңгіліктердің бірі – мектебімізде ұйымдастырылған экологиялық ертеңгіліктер. Ертеңгіліктер параллель сыныптар арасында ұйымдастырылды. 1-сыныптар «Менің сүйікті кейіпкерлерім» тақырыбында жануарлар, өсімдіктер әлеміне арналған ертегілерді көрсетсе, 2-сыныптар «Табиғат-біздің үйіміз» тақырыбында туған өлке табиғатынан сыр шертетін өлеңдер оқып, ән шырқады. 3-сыныптар «Табиғат – біздің досымыз» тақырыбында қоршаған ортаның адам тіршілігіндегі маңызына баса көңіл бөлді. Аталған тақырыптағы мақал-мәтелдерге, тыйым сөздерге ден қойды. 4-сыныптар ертеңгіліктерін «Таза болса – табиғат, аман болар – адамзат» тақырыбында өткізіп, табиғатты ластанудан қорғау бағытында шағын көріністер көрсетіп, өз сыныптастарын қоршаған ортаны сақтауға шақырды. Мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып, мағыналы ой тастайтын тақырыптық шаралар кіші саты оқушыларын, бір жағынан, белсенділікке, шығармашылыққа, ұйымшылдыққа жетелесе, екінші жағынан, табиғатты сүюге, оны қорғай білуге баулиды. Өз білім алушыларын әр қырынан аша білген, 90-нан аса ата-ананың зор ықыласына бөлене білген 14 ұстаздың шығармашылық шеберліктерін де ерекше атап өтуге болады. Табиғат тақырыбына арналған ертеңгіліктерге 1-4 сыныптардан 120-дан аса оқушы қатысты. Осы бағыттағы шараларды алдағы уақытта да жүйелі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.






